Олар 119 келіге жуық марихуана орып алған
Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі жинап жүрген екі адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктілердің екеуі де Түркістан облысының тұрғындары.
«5 шілдеде “Қарасора – 2020” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу қаласына 100 шақырым қашықтықтағы құмды аймақта есірткі затын жинап жүрген екі адамды ұстады. Олар Түркістан облысы Кентау қаласының 61 және 45 жастағы тұрғындары», - делінген аталған хабарламада.
Күдіктілерді тексеру барысында олардың қолынан 106 келіге жуық марихуана есірткі заты анықталған. Тағы 12 келіден астам марихуана күдіктілердің біріне тиесілі автокөліктің жүксалғышынан табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы – 118 келі 780 грамм.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Шу аудандық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.