Баланың анасы сотқа жүгінген
Ақтөбедегі саябақта батутқа секілген бала мүгедек болып қалған. Парк әкімшілігінің кінәсі дәлелденді, хабарлайды Azattyq Rýhy.
Диапазон басылымының жазуынша, оқиға 2024 жылы болған. Ойнап жүрген 8 жастағы бала батуттан дұрыс үрленбеген матрацқа секірген. Сүйектері бірнеше жерден сынған жасөспірім ауруханаға жатқызылған. Бірнеше күннен кейін балаға ота жасалады, кейін жағдайы күрт нашарлап, бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Оның аяғына металл штифт орнатылған, соның салдарынан жүре алмай, төсекке таңылған.
Кейін ауырсыну күшейіп, қайта операция жасалды, одан соң емін Астанада жалғастырды. Дәрігерлер штифт бұлшықеттерді зақымдап, сыртқа шығып кеткенін анықтаған соң, орнына Илизаров аппараты орнатылды. Ауыр жарақаттан соң оқушы мектепке бара алмай қалған. Ата-анасы оған жеке мұғалім жалдауға мәжбүр болды. 2025 жылдың қаңтарында балаға үшінші топтағы мүгедектік тағайындалды.
Жәбірленуші баланың анасы моральдық зиянды өндіру үшін сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот батут паркінен 2 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған. Талапкер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы батут паркінің басшылығы балаларға қауіпсіз жағдай жасамаған деген қорытындыға келген. Батут қауіптілігі жоғары нысан болып саналады, сондықтан оны жіті бақылауда ұстау керек, ал матрац ойынға толық жабдықталмаған.
Нәтижесінде апелляциялық сот батут паркінің басшылығын жәбірленушіге моральдық зиян келтіргені үшін 7 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Бұған дейін оқиға бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету бабымен қылмыстық іс қозғалған, алайда тергеу барысында қылмыс құрамы анықталмай, іс тоқтатылған.