Жасанды интеллект жасап шығарған блогер қызға мыңдаған қазақстандық сеніп қалған

Автор: Темірхан Айжан

Бірнеше күнде оның аккаунтына 20 мыңнан астам адам тіркелген 

Фото: instagram.com/ aileen_blog

Әлеуметтік желіде витилиго сырқатына шалдыққан қыздың образын жасаған адам қазақстандықтарды алдап соқты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде Айлин есімді қыздың танымалдығы күрт артты. Ерекше келбеті мен өз өмірі туралы видеолары мыңдаған адамның жүрегін жібіткен. Оған төрт күннің ішінде 22 мыңнан астам адам жазылып, видеолардың қаралымы 9,3 миллионнан асқан. Жасанды интеллектпен жасалған Айлинге ондаған жарнамалық ұсыныс түскен.

Бейнероликтегі Айлин бала күнінде витилиго сырқатына байланысты буллинг көргенін баяндап, кейін өзін қабылдағаны туралы айтқан. Ол басқаларға шабыт берген. Айлинге танымал блогерлер де назар аударып, телебағдарламаларға шақырған. Әлеуметтік желілерде оған арналған рилстар кеңінен тарады.

Алайда Айлин бұл өмірде жоқ болып шықты, оны Алексей атты ер адам жасап шығарған. Айтуынша, Айлин - жасанды интеллектпен жасалған модель, видеолар әлеуметтік эксперимент ретінде жарияланған көрінеді.

Желі қолданушылары екіұшты реакция танытты. Бірі авторды «данышпан» деп бағаласа, екіншісі алданып қалғандарын жазған.