Атырауда екі полицейді өз әріптестері дәл жиналыс үстінде ұстап әкеткен
Оның үстінен пара алған азамат арызданған
Атырау облысы Мақат ауданының тұрғыны 300 мың теңге пара сұраған полицейлердің үстінен арыз жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақжайық» басылымының жазған ақпаратына сүйенсек, Мақат ауданының тұрғыны достарымен кездескеннен кейін алкогольді мас күйде рульге отырған. Оны жолда патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, әкімшілік жаза қолданбау үшін 300 мың теңге пара сұраған көрінеді. Тұрғын ол ақшаны беруін беріп алып, артынан Атырау облысы полиция департаментінің қауіпсіздік қызметіне арыз жазған. Өз арызында 300 мың теңгені қайтарып алғысы келетінін айтқан.
Оның арызы 2025 жылдың 24 желтоқсан күні тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталған. Сол күні күдікті полицейлерді әріптестері дәл жиналыс үстінде ұстап әкеткен.
Қазір екі күдікті уақытша қамау изоляторында отыр. Атырау облысының полиция департаменті оларды теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан шығарған.