Олардың бәрі реабилитацияға жатады
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты және алқабилер соты Атбасар түрмесіндегі сотталғандарды азаптады деп айыпталған 12 адамды ақтап шығарды. Олардың бәрі енді реабилитациядан өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 1 судья мен 10 алқабилердің әрқайсысы дауыс бере отырып, айыпталып отырған азаматтар кінәсіз деген тұжырымға келген.
«Түрменің 12 қызметкері Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға тыйым салынған ықпал ету әдістерін қолданды деп айыптаған. Бірақ, алқабилер істі қарай келе, сотталушылар кінәсіз деп тапты», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Ақылдасу бөлмесінде дауыс берген 1 судья мен 10 алқаби қылмыс болмаған, тиісінше күдіктілер кінәсіз деп тапқан.
«Сот үкімімен КАЖК-ның 12 қызметкері кінәсіз деп танылды. Ақталғандарға оңалту құқығы танылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты.