Полиция олардың бірнеше қылмысқа барғанын дәлелдейміз деп отыр
Жетісу облысында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 25 және 29 жастағы екі жігіт қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданы Шұбар ауылының тұрғыны екі бұзауын ұрлатып алған. Екі бұзауын 600 мың теңгеге бағалаған ол ұрлық 13 желтоқсан күні түнде тіркелді дейді. Полиция әуел баста бұзауларды ұрлады деген күдікпен 41 жастағы азаматты ұстаған. Ол бұл малдарды бір адамнан 200 мың теңгеге сатып алғанын айтып, куә ұсынған.
«Полиция ұрланған малдарды дәлел ретінде иесіне қайтарып берген. Бірақ, қылмысты алдын ала сөз байласу арқылы жасаған екі күдікті анықталған. Олар - 29 және 25 жастағы осы ауылдың екі жігіті болып шықты. Аталған тұлғалардың осыған ұқсас бірнеше қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр. Атап айтқанда 3 желтоқсанда күдіктілер Шұбар ауылының тағы бір тұрғынынан үш ірі қара малды ұрлап, 1 млн 200 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Бұдан бөлек 14 қарашада өзге бір ауыл тұрғынынан құны 1 млн 500 мың теңгеге бағаланған үш бас мал қолды болған. Тергеу жалғасып жатыр», - деп хабарлайды Жетісу облысының полиция департаменті.