$ 515.02  604.22  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

400 мың теңгеге дейін жүргізуші куәлігін сатқан топқа үкім шықты: 9 адам рақымшылыққа ілінді

Барлығы 15 адам жазаға тартылды 

400 мың теңгеге дейін жүргізуші куәлігін сатқан топқа үкім шықты: 9 адам рақымшылыққа ілінді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкентте 80 мыңнан 400 мыңға дейінгі аралықта жүргізуші куәлігін сатқандарға үкім шықты. Күдіктілердің жартысынан көбі рақымшылыққа ілініп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 15 адамға қатысты іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2022–2024 жылдары №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы жүргізуші куәлігін адамдарға емтихансыз алып берген. Бұл қызметіне 80 мыңнан 400 мың теңгеге дейін заңсыз ақша алып отырған. Ол осы мақсатта ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Топқа орталықтың кейбір қызметкерлері мен жұмыссыз екі адам тартылған. Олар емтихан тапсыратын адамдарды тауып, ақша жинаған.

Олар 395 адамнан 56 миллион теңгеден астам заңсыз ақша алған. Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы сол ақшаның 12 миллион теңгесіне жылжымайтын мүлік сатып алған.Сонымен қатар, тағы екі адам бұл топқа кірмесе де, тест кезінде заңсыз көмек көрсетіп, 9 миллион теңгеден астам ақша алған. Кейін басшы қайтыс болып кеткен.

Сот №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысын кінәлі деп таныды, бірақ қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Екі сотталушының бірі - 6 жыл 8 айға, екіншісі - 4 жылға сотталды. Тағы үш адам 6 жылға сотталды.

Тоғыз адам 1 жылға сотталып, рақымшылық заңы бойынша жазадан босатылды.

Кейбір сотталушыларға ұйымдасқан топқа қатысу және ақшаны заңдастыру айыптары дәлелденбегендіктен, ақталып шықты. Заңсыз алынған жылжымайтын мүлік мемлекет меншігіне өткізілді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары