$ 520.02  608.79  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жалған ақпарат таратады»: блогер павлодарлық депутаттан қысым көріп отырғанын айтты

Блогер Ума Оспанова бейнеүндеу жариялады 

«Жалған ақпарат таратады»: блогер павлодарлық депутаттан қысым көріп отырғанын айтты
Фото: скрин

Кәсіпкер әрі блогер Ума Оспанова әлеуметтік желідегі парақшасында видеоүндеу жариялап, соңғы аптада Павлодар қалалық мәслихат депутаты тарапынан жүйелі қысым көріп отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Блогер депутаттың жеке өміріне араласатынын, қауесет тарататынын, қорлап, өзінің мандатын қоғамдық қысым жасау үшін пайдаланатынын атап өтті. Оспанова депутаттың әрекеттері заңға және депутаттық этикаға қайшы деп санайды.

«Депутат мен туралы жалған ақпарат таратады, менің келісімімсіз стористерімнің скриншоттарын жариялайды, жеке өмірімді талқылайды», - деді блогер.

Ума Оспанованың айтуынша, аудиториясы 40 мыңнан асатын депутаттың әрекеттері қоғамдық резонанс туғызып, отбасына, балаларына психологиялық қысым көрсетіп отыр.

«Жұбайыма және оның отбасы мүшелеріне жасалған қысымға назар аудартқым келеді. Депутат оны ашық түрде қорлап, оның отбасы мен атасы құрметті адамдар екенін ескермейді», – деді ол.

Ума Оспанова қысым әлеуметтік желілерде несие дауына байланысты басталғанын айтты. Осы оқиғадан кейін депутат оған қарсы сторис жариялай бастаған.

Сонымен қатар, ол депутаттың балаларға арналған тауарларды сертификатсыз және рұқсатсыз жарнамалап отырған болуы мүмкін деп санайды.

«Бұл заңсыз кәсіпкерлік, салық заңнамасын бұзу және экономикалық контрабандалық әрекет белгілері болуы мүмкін. Дегенмен депутат жауапкершілікті менің мойныма аударуға тырысады», - деді ол.

Блогердің сөзінше, депутат әлеуметтік желіде үнемі мемлекеттік органдардың өкілдерін атап отырады. Сондықтан Оспанова жағдайға басқа адамдардың араласып, тергеуге ықпал ету мүмкіндігін тексеруді сұрады.

«Мен он жылдан астам уақыт бойы осы жағдайға алаңдап келемін. Егер жағдай ушықса, менің жағдайыма алдын ала теріс көзқарас болуы мүмкін. Сондай-ақ депутат өзінің танысын қолдап, мені өзге дауға тартып, араластыруға тырысады», - деді Ума Оспанова.

Оспанова депутаттың қоғамдық мәселелерден «бос әңгімелерге» ауысуын сынға алды. Ол депутат араласуы тиіс әуежай мәселесі, инфрақұрылымдық нысандар, ауруханалардың жабдық тапшылығы сияқты маңызды мәселелердің барын жеткізді.

Блогер депутаттың мандатына сай екендігін тексеруді, қысымды тоқтатып, құқықтарын қалпына келтіруді талап етті. Ол барлық ресми процедураға қатысуға дайын екенін айтты. Видеода депутаттың есімі аталып көрсетілмесе де, стористер мен бұлыңғыр фотолардағы бейне депутат Гүлжайна Даримованың сұлбасына ұқсайтыны айтылады.

Серіктес жаңалықтары