Ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды
Орал қаласында әйелін тұтқынға алып, оны алты сағат бойы қамап ұстаған ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Оқиға былтыр қараша айында тіркелген, деп хабарлайды polisia.kz.
Қылмыстық іс екеуара ажырасу ісі ұзақ әрі қиынға созылған бұрынғы ерлі-зайыпты Ісләмғалиевтердің отбасына қатысты болған. 2019 жылдың 28 қарашасында, сағат 13.10-де әйелінің нотариалды кеңсесіне келген Ерлан Ісләмғалиев пышақ пен гранатаға ұқсас затты алып шығып, әйелін тұтқынға алған.
«Полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысының арқасында әйелді тұтқыннан босату операциясы сәтті өткен. Ер адамның қолындағы пышақ пен өзге де заттар тәркіленген. Алты сағатқа созылған әңгімеден кейін оқиға дау-жанжалсыз шешілді. Ісләмғалиев әйелін босатып, полицияға берілген», - деп жазады сайт.
Ал, әйелі сотқа дейінгі тергеуде Ісләмғалиевке қарсы түсініктеме беріп, оны басқа да қылмыс жасады деп айыптаған. Осылайша, тергеу барысында Е.Ісләмғалиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Енді күдіктінің тағдырын сот шешеді.