Қазақстанда әр төртінші адам қайырымдылық қорларының жұмысына сенбейді
Халықтың 16 пайызға жуығы жеке қайырымдылықпен айналысатындарға сенім білдірген
Ел азаматтарының шамамен 25%-ы қайырымдылық қорларына мүлде сенбейтінін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
ҚҚДИ Әлеуметтанулық зерттеулер орталығының сарапшысы Гүлсайран Нұртайдың айтуынша, бұл шартты түрде әр төртінші адамға сәйкес келеді.
«Қызығы, қайырымдылық қорларына шүбәсіз сенетіндер үлесі де осы шамада – 26,4%. Ал респонденттердің 45%-дан астамы қайырымдылық қорларына ішінара сенеді, атап айтсақ, олардың 29,6%-ы тек кейбір қайырымдылық қорларына сенім білдірсе, 15,8%-ы қорларға емес, қайырымдылықпен жеке айналысатындарға сенетінін айтқан», – дейді сарапшы «SARAP» эксперттік клубының жылдық жұмысының қортындылау отырысында.
Сондай-ақ жиында қазақстандықтардың саналы ата-ана болуды қалай түсінетіні туралы айтылды.
«Зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 61,4%-ы ата-ана рөлін өміріндегі ең басты құндылық деп бағаласа, 29,2%-ы аса маңызды аспектілердің бірі деп санайды. Одан бөлек, балалар отбасының басты құндылықтары арасында үшінші орында (38,7%) тұр», - дейді ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл.
Маманның сөзінше, Қазақстан қоғамында ата-ана болудың мәртебесі жоғары.
Айта кетсек, 2021 жылы құрылған эксперттік клуб 62 талқылау отырысын өткізіп, оған 2500-ден астам азамат қатысқан.