Қазақстандықтар лизингке алған автокөлігін кері қайтара алады

Автор: Нұргүл Абай

Азаматтарға автокөлікті лизингке алып, кейін оны сатып алу немесе қайтару мүмкіндігі беріледі

Фото: freepik.com

Қазақстанда жеке тұлғалар үшін автолизинг механизмі енгізіліп жатыр. Енді азаматтар жаңа көліктерді лизингке рәсімдеп, оны кейін толық сатып ала алады немесе қайтарып бере алады. Бұл туралы сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ішкі сауда қағидалары жаңа көліктерді жеке тұлғаларға жеке пайдалану үшін автолизингке беру мүмкіндігін қарастырады, әрі кейін оны сатып алу немесе қайтару құқығы бар. Процедура азаматтық заңнамаға сәйкес реттеледі», – деді Әбілдабеков Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Әрбір автосалон мен лизингтік компания үшін пайыздық мөлшерлемелер, мерзімдер мен басқа да параметрлер жеке белгіленеді.

«Автокөліктерді жеңілдетілген несиелеу мәселесі Өнеркәсіп министрлігінің құзыретіне кіреді. Бұл халыққа автокөлікті лизинг арқылы алуға мүмкіндік берсе, автокөлік өндірушілері үшін Қазақстанда жасалған көліктерді сату нарығын кеңейтуге ықпал етеді», – деді шенеунік.