Астанада салынатын қоқыс зауытынан электр энергиясы өндіріледі
Жобаға 180 млн доллар инвестиция тартылады
Қытайлық инвестор Астанада электр энергиясын өндіретін қоқыс өртейтін зауыт салады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін арттыру мақсатында қытайлық Шэнь-чжэн Энерджи Инвайрэнмент инвесторымен электр энергиясын өндіретін қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарлануда», - деді Қасымбек Үкімет отырысында.
Жобаның қалдықтарды кәдеге жарату көлемі – тәулігіне 1500 тонна; генераторлық агрегаттың қуаты – 50 МВт; инвестиция көлемі – 180 млн доллар, құрылыс ұзақтығы – 36 ай.
«Бүгінгі таңда инвестициялық келісімге қол қойылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында басталады», - деді қала басшысы.
Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртейтін зауыт салынатыны хабарланған.