Офис мемлекеттің қарызын реттеп, оны қауіпсіз әрі тиімді деңгейде ұстайды
Қазақстанда мемлекеттік қарызды басқару офисі (Debt Management Office) құрылып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту мақсатында мемлекеттік қарызды басқару офисі (Debt Management Office) құрылып жатыр. Ол офис қарызды басқару саясатын жетілдіру бойынша стратегиялық функцияларды орындайды. Сонымен қатар, ақпарат жинау, қарыздың тұрақтылығын талдау, шешімдер дайындау операциялық міндеттерін де орындайды», - деді Сүлейменов Үкімет отырысында.
Офис мемлекеттің қарыз саясатын жақсартады, ұзақ мерзімді жоспарлар жасайды, қарыздың тұрақтылығына талдау жасайды. Үкіметке шешім қабылдауға ұсыныстар дайындайды.
Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысының пікірінше, мемлекеттік қарызды тиімді басқару мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының дамуына және кірістілік қисығын қалыптастыруға ықпал етеді. Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігін күшейтеді.