Елімізде көкөніс қоры көктемге дейін жетеді, ал қыста жаңа піскен көкөніс өнімдерімен жылыжай шаруашылықтары қамтамасыз етеді
Қазақстанда келесі жылдың көктеміне дейін картоп пен көкөніс өнімдерінің тапшылығы болмайды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елде өнім қоры жеткілікті мөлшерде қалыптастырылған. Бұл қыста нарықтағы ұсынысты тұрақты ұстап, бағаның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
«Бізде өнім жеткілікті. Картоп қоры келесі көктемге дейін жетеді, оны сақтау қуаттары ескерілді. Ал ұзақ сақталмайтын қияр, қызанақ, баклажан, бұрыш сияқты өнімдер бойынша біз біртіндеп жылыжай өнімдеріне көшіп жатырмыз», — деді вице-министр.
Айтуынша, Қазақстанда жалпы көлемі шамамен 1300 гектарды құрайтын жылыжай шаруашылықтары бар, оның 250 гектары — өнеркәсіптік жылыжайлар. Бұл нысандар елді жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Иә, қыс мезгілінде жылыжай өнімдерінің бағасы сәл жоғары болады, себебі жылыту мен электр энергиясына кететін шығын артады. Бірақ бұл шығындарды өтеуге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған», — деп атап өтті Сұлтанов.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау үшін Үкімет пен әкімдіктердің барлық қажетті тетігі бар.
«Біз бұл шаралардың тиімділігін картоп пен ет бағасы тұрақтанғанда көрдік. Көкөніс тапшылығы болмайды. Тек жаңа жыл кезінде баға аздап құбылуы мүмкін, алайда кейін жағдай қайта тұрақталады», — деді вице-министр.