Биыл ауыл шаруашылығы үшін рекордтық жыл болды – министр
Осы жылы 16 млн гектар алқаптан 27 млн тонна астық қамбаға құйылған
Биыл дәнді дақылдар ғана емес, бұршақты және майлы дақылдар да рекордтық көлемде жиналған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Екі жыл қатарынан алынған нәтижелер өнімділіктің қолданылып жатқан технологияларға тікелей тәуелді екенін нақты дәлелдеп отыр. Осы жыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру аясында ерекше назар аударылды. Олар тек табысты емес, сонымен бірге топырақтың құнарын арттырып, ауыспалы егісті жақсартады. Мысалы, бұршақ дақылдары топырақты азотпен байытып, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттырады», - деді Сапаров Үкімет отырысында.
Министр қазір республика бойынша астық жинау толығымен аяқталғанын атап өтті. 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылған. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды – бұл былтырғымен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп.
«Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді. 4 млн тоннаға жуық арпа жиналды. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды», - деді ол.
Мақта жинау жұмыстары да аяқталған. Тамшылатып суаруды қолдану арқасында кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды. Жалпы алғанда, орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп (бағасы 250 мың тенге), деп атап өтті Сапаров.
Министр әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту қажет деп санайды.