Жаңа нысандардың арқасында елімізде өндірілетін электр қуаты тұтыну көлемінен көп болады
2029 жылы Қазақстан электр энергиясына деген қажеттілікті толығымен жауып, профицитке шығады. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елімізде 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды 2035 жылға дейін енгізуді көздейтін жоспар аясындағы жұмыс белсенді түрде жалғасып жатыр. Жаңа қуаттарды іске қосу қолданыстағы станцияларды жаңғырту және жаңа нысандар салу арқылы да жүзеге асырылады. Былтыр 771 МВт жаңа қуат іске қосылған, оның 608 МВт – дәстүрлі, ал 163 МВт – жаңартылатын энергия көздері.
«Жалпы, 2029 жылға дейін жаңа 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосу жоспарланып отыр. Мәселен, 2025 жылы 621 МВт іске қосу жоспарланған, оның ішінде 166 МВт дәстүрлі, ал 455 МВт жаңартылатын энергия көздері. Бүгінгі таңда 370 МВт іске қосылды, оның ішінде 216 МВт жаңартылатын энергия қуаты. Жылдың соңына дейін 251 МВт іске қосылады. 2026 жылы шамамен 2 600 МВт қуат, оның ішінде жиынтық қуаты 174 МВт жаңартылатын энергия объектісін енгізу жоспарда бар. 2027 жылы қуаты шамамен 1 500 МВт, оның ішінде қуаты 573 МВт болатын жаңартылатын энергия объектісі іске қосылады. 2028 жылы 2 000 МВт-тан астам қуат, оның ішінде 245 МВт жаңартылатын энергия объектісі пайдалануға беріледі. Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін жабу және энергия жүйесін профицитпен қамтамасыз ету күтілуде, бұл елдің экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Ақкенженов Үкімет отырысында.
Министр қазір еліміздің энергетика жүйесі штатты режимде Ресей және Орталық Азия елдерінің энергетика жүйелерімен қатар жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. 237 электр станциясы, оның ішінде 79 дәстүрлі генерация көздері, қалған 158 жаңартылатын энергия көздерінен тұрады.