Қазақстанда ұлттық Wi-Fi операторы пайда болады
Wi-Fi әлеуметтік маңызы бар нысандарда пайда болады

Қазақстанда ұлттық Wi-Fi операторын құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еліміздің қалаларында интернетке бірыңғай қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ететін ұлттық Wi-Fi операторы құрылмақ. Жоба аясында әлеуметтік маңызы бар нысандарда Wi-Fi болады. Дәлірек айтқанда, осы Wi-Fi-ға шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен медициналық мекемелерде қосылуға болады.
«Біз құрып жатқан инфрақұрылым Қазақстанның ЖИ-экономиканы қалыптастыру бағытын қолдай отырып, жасанды интеллект негізінде цифрлық сервистер мен шешімдерді дамыту платформасына айналуда», — деді «Freedom Telecom Operations» компаниясының басшысы Қайрат Ахметов.
Бірінші кезеңде 10 қалада 400 орын қамтылады. 2026 жылға қарай желіні 10 мың қосу нүктесіне дейін, ал 2027 жылға қарай 20 мыңға дейін кеңейту жоспарланып отыр.