$ 541.54  629.16  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бектенов Арал мәселесіне қатысты кеңес өткізді

Оның айтуынша, Қазақстан бұл мәселеде ұлттық мүддені ескереді

Бектенов Арал мәселесіне қатысты кеңес өткізді
Фото: үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның төрағалығымен өтіп жатқан Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының екінші отырысына қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар және су-энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды. Әңгіме барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын су саласына енгізу бастамаларына ерекше назар аударылды.

Премьер-министр атап өткендей, ХАҚҚ-қа мүше мемлекеттер энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын тиімді басқаруға басымдық береді.

«Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар, бірақ біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз – тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық. Барлық мәселе диалог пен бірлескен шешім арқылы ғана оң нәтиже береді», – деді Олжас Бектенов.

Ол сондай-ақ биылғы вегетациялық кезеңнің күрделі өткенін, алайда үкіметтердің үйлесімді іс-қимылы Арал бассейнінде тұрақты су режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтты. Бектенов Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтеріне бірлескен әрекеті үшін алғыс білдірді.

Қазақстанның төрағалығы аясында атқарылып жатқан жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – цифрлық трансформация және су саласында жасанды интеллектіні қолдану. Бұл тәсіл суды пайдаланудың ашықтығын арттырып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев және Түрікменстан ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев сөз сөйледі.

Кездесуді қорытындылай келе, Олжас Бектенов Қазақстанның ашықтық, ынтымақтастық және сындарлы диалог қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары