Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр дейді вице-премьер
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жылу беру маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, жылу беру маусымына дайындық аяқталу сатысында. Соңғы аптада 1 қазандық пен 3 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. Қосымша 10 қосалқы станция мен 100 тарату пунктіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 13 км жылу желілеріне реконструкция жасалды.
«Жалпы, кестеге сәйкес 6 энергоблокта, 29 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жүргізілді. Жылумен жабдықтау желілерінде жұмыстар жоспарланған 323 км-ден 293 км-ге аяқталды. Өткен Үкімет отырысынан бастап Степногорск қаласында жылу желілеріндегі барлық жұмыс аяқталды. Сондай-ақ, Аягөзде жылыту маусымын бастау үшін қажетті жұмыстар толық аяқталды. Орал қаласында өткен аптада жұмыстар тағы 20%-ға аяқталды, жалпы прогресс 85 %-ды құрайды. Барлық жөндеу жұмысын осы жылдың 15 қазанына дейін аяқтау жоспарланып отыр»,- дейді Скляр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Аягөздің орталық қазандығында №3 қазандық жөнделген, №2 қазандықтың дайындығы 70% және №1 қазандықтың дайындығы – 20%.
Ал Сәтбаев қаласындағы №2 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталды. 30 қыркүйекке дейін №1 қазандықтың дайындығы қамтамасыз етіледі. № 3 қазандықта жұмыс 82%, ал №4 қазандықта – 48% орындалған.
«Жалпы жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі. Осы нысандардағы жұмыстарды осы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау қажет», - деді бірінші вице-премьер.