Супермаркеттерде арзан ет сататын арнайы орындар пайда болады
Фермерлер өнімді тікелей жеткізеді, ал үстемеақы 15 пайыздан аспайды

25 қыркүйектен бастап еліміздің бірнеше супермаркетінде етті нарықтағы бағадан арзанға сататын арнайы бұрыштар ашылады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, супермаркет желілері өздері осындай бастама көтеріп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан.
«Дүкендерде арнайы бұрыштар бөлініп, онда тікелей фермерлерден жеткізілген өнімдер тұрады. Тиісінше заң бойынша үстемеақы 15%-дан аспайды», - деді Шаққалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тұтынушыларға мұндай «әлеуметтік бұрыштар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы баяғыдан таныс және олар ол жерде баға нарықтан төмен болатынына үйренген.
Шаққалиев 23 қыркүйекте ұйымдастыру жұмыстары басталатынын, ал 25 қыркүйекте супермаркет сөрелерінде арзан ет сатылымға шығатынын мәлімдеді.