Қазақстан құс етімен өз нарығын қашан толық қамтамасыз ете алады - министрдің жауабы

Автор: Нұргүл Абай

Қазір ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші – 82 пайыз

Фото: АШМ

Қазақстан 2027 жылға қарай өзін құс етімен толық қамтамасыз етеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, 2020 жылы елімізде құс етімен қамтамасыз ету деңгейі небәрі 58% болған. Мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиелердің арқасында бұл көрсеткіш 82%-ға жетті.

«Импортқа тәуелділікті азайттық. Жалпы осы бағыттағы жұмыс жалғасады және 2027 жылға қарай елімізді құс етімен 100% қамтамасыз етеміз», – деді Сапаров Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министр қазір республика бойынша ірі жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Мәселен, жұмыс істеп тұрған «Северный бройлер» құс фабрикалары және тағы басқа жобалар бар. Биыл тағы қосымша бес құс фабрикасы іске қосылады.