Шаруалар алқаптан енді ғана жинаған картоп, сәбіз және пиязды қанша теңгеден сатып жатыр

Автор: Нұргүл Абай

Қазақстан ішкі нарықты азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етіп отыр дейді министр

Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егіс алқаптарынан жиналған картоп, пияз, сәбіз сияқты көкөніс түрлерін шаруалар қаншадан сатып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл 2,7 млн тонна картоп жиналады деп болжануда, оның 1,8 млн тоннадан астамы жиналды. Фермерлерде құны бір келісіне 90-120 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 700 мың тоннадан астам пияз жиналды, киллограммына 50-60 теңгеден сатылады. Фермерлерде 300 мың тонна көлемінде қор бар. 300 мың тонна сәбіз жиналды, фермерлерде бір киллограмы  85-95 теңгеден болатын шамамен 100 мың тонна сәбіз бар», - деді Сапаров Үкімет отырысында.

Министр ішкі нарық отандық негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті.

«Осы жылдың 8 айында тамақ өнімдерін өндіру 10,1%-ға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Күріштің жалпы өнімі былтырғы деңгейде немесе 500 мың тоннадан асады деп күтілуде, бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді. Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды, бұл өнімділіктің артуы есебінен халық қажеттілігінен асып түседі. Жалпы, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары, бұл нарықты қайта өңделген өнімдерімен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді. Сондай-ақ, майлы дақылдар 4 млн тонна,  оның ішінде күнбағыстың шамамен 2 млн тонна өнімі күтілуде, бұл нарықты май-тоңмай өнімдерімен толық қамтуға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, елімізде мал шаруашылығы өнімдері де жеткілікті көлемде өндіріліп жатыр. Ет өнімдері – сиыр, қой, жылқы еті және жұмыртқа ішкі сұранысты толығымен жабады. Құс еті бойынша оң динамика байқалып отыр, егер былтыр қамту деңгейі 79% болса, биыл 82%-ға жеткен. Сүт өнімдері бойынша да нарық 100% қамтамасыз етілді.

«Қазіргі өндіріс көлемі ішкі нарықты қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Дәл осы кезеңде әкімдіктер қажетті көлемді тек тұрақтандыру қорлары арқылы ғана емес, сонымен қатар сауда үйлері арқылы да келісімшартқа отырғызып, өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мақсатқа өңірлерде «айналым схемасы» бойынша 100 млрд теңгеден астам қаражат бар. Осы бөлінген қаражатты тиімді пайдалану арқылы ішкі нарықты қажетті азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз етіп, баға тұрақтылығын сақтауға қол жеткізуіміз қажет», - деді Сапаров.