Қазақстан мен Германия туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін Ермек Көшербаев неміс делегациясымен кездескен

Фото: primeminister.kz

Бүгін премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Германияның Туристік қауымдастығының (DRV) делегациясымен және жетекші неміс туроператорларымен кездесті. Басқосуда туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Кездесуге Германия Туристік қауымдастығының президенті Норберт Андреас Фибиг, неміс туроператорларының өкілдері және Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Вице-премьер Ермек Көшербаев Қазақстан Германия Федеративтік Республикасымен байланыстарды нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, туризм – тек экономикалық сала ғана емес, сонымен бірге екі ел арасындағы сенім көпірі.

«Германиямен ынтымақтастық біздің елімізді еуропалық нарықта танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. DRV Destination Forum-ды Қазақстанда өткізу мүмкіндігін талқылау – өзара қызығушылықты арттырып, әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадам», – деді ол.

Кездесуде Қазақстанды неміс нарығында туристік бағыт ретінде ілгерілету перспективалары, сондай-ақ 2026 жылы елімізде DRV Destination Forum-ды өткізу мүмкіндігі сөз болды.

Өз кезегінде Германия Туристік қауымдастығының президенті Норберт Андреас Фибиг Қазақстанның бірегей табиғаты мен бай тарихы неміс туристері үшін үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті. «Неміс туристері жыл сайын 85 млрд еуродан астам қаржы жұмсайды. Қазақстан осы нарықта лайықты орын алатынына сенімдіміз», – деді ол.

Неміс делегациясының сапар бағдарламасына Астана, Алматы және Байқоңыр қалаларына бару енгізілген. Қонақтар Қазақстанның туристік әлеуетімен және бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен танысады.

Кездесу қорытындысында Ермек Көшербаев екі елдің бірлескен күш-жігері Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға жол ашатынын айтты.