Шахтер күні қарсаңында кеншілер президенттің атынан марапат алды
Мемлекеттік наградаларды премьер-министр табыстады

Шахтер күні қарсаңында премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көмір және тау-кен өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет хабарлап отырғандай, Қазақстан минералдық ресурстар қоры жөнінен әлемнің алғашқы ондығына кіреді. Елдегі көмір қоры 34 млрд тоннаға бағаланады, бұл әлемдік көрсеткіштің 4%-ын құрайды. 2025 жылдың жеті айында Қазақстан экономикасы 6,3%-ға өссе, тау-кен өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 8,5%-ды құрап, көмір өндіру көлемі 10,6%-ға артқан. Бүгінде салада 145 мыңнан астам азамат еңбек етіп жүр, оның ішінде 32 мыңы көмір өнеркәсібінде.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында мемлекет шахтерлер еңбегін ерекше атап өтіп отыр. Бектеновтың айтуынша, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру басты назарда.
«Мемлекет басшысы жариялаған биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында шахтерлер мен кеншілер еңбегіне ерекше көңіл бөлінуде. Ғасырлар бойы бұл мамандық ең күрделі және маңызды мамандықтардың бірі болып отыр. Сіздердің табандылықтарыңыз бен төзімділіктеріңіз, еңбекқорлықтарыңыз бен адалдықтарыңыз құрмет пен мақтауға лайық. Еңбек адамын жан-жақты қолдау, өндірісте қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету – мемлекеттің басты басымдығы. Ол мақсатта еліміздегі шахталар өндірістік қауіп-қатерлерді төмендетуге мүмкіндік беретін цифрлық жүйелермен жарақтандырылуда. Пилотсыз техника, қашықтан басқару және жерасты радиобайланысы енгізілуде. Бұл жұмыстар жалғаса бермек», - деді Бектенов марапат кезінде.
Марапат иегерлері Мемлекет басшысына еңбекке көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірді. Соның ішінде:
- «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Үнгітбаев шахтерлер еңбегінің бағалануы үлкен қолдау екенін атап өтті
- «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің үңгілеушісі Ербол Есетов 28 жылдық еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді
- «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Төлеген Шаяхметов шахтер мамандығының стратегиялық маңызы сақталатынын, салада қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатқанын айтты
Кәсіби мереке қарсаңында көмір және тау-кен саласын дамытуға үлес қосқан қызметкерлер мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарға ие болды.