Қазақстанда биыл көмір қымбаттай ма

Автор: Нұргүл Абай

Тариф отын тасымалының құнына тікелей байланысты дейді вице-министр

Фото: freepik.com

Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов электр станцияларына арналған көмірдің шығындарына байланысты жылумен қамту қызметінің тарифі өсуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, отын бағасы бекітілген және биыл өзгермейді.

«Станцияға арналған көмір бағасы өзгермейді. Өйткені биыл 1 қаңтардан бастап түзету жасалған, ал қазір, біздің білуімізше, бағаны көтеру жоспарда жоқ. Кәсіпорындарға арналған көмірдің бағасы келісімшарттарда бекітілген және алдағы жылы бағаның өсуі жоспарланып отырған жоқ», – деді Есімханов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Ол жылу тарифтері көмірді жеткізу құнына да байланысты екенін атап өтті.

«Бұл жерде мәселе – жеткізуде, яғни теміржол тасымалының құнында. Егер теміржол желісі жоқ болса, көмірді автокөлікпен жеткізуге тура келеді, ал ол одан да қымбат. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргіземіз», – деді вице-министр.

Есімхановтың айтуынша, қазір Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге көмір өндіру саласындағы баға саясатын реттеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.