«Жылдың соңы қызық болады»: Жұманғарин шенеуніктерге қатысты жаңалық айтты

Автор: Нұргүл Абай

Декларацияда шенеуніктердің жалақысы көрсетілмейді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанның саяси мемлекеттік қызметшілері тапсырған декларация биыл жыл соңына дейін жарияланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Декларацияны 15 қыркүйеккке дейін тапсырамыз, сосын жыл соңына дейін жарияланады. Декларацияда былтыр сатылған нысандар туралы ақпарат ұсынылады. Ал жалақы көрсетілмейді, себебі оны салық органдары өздері-ақ көріп отыр. Декларацияда активтердің қозғалысы туралы ғана ақпарат жарияланады», - деді Тәкиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Ал вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жалақы туралы сұраққа шенеуніктер талай рет жауап берген. Үкімет мүшелерінің айлығын бәрі біледі.

«Саяси мемлекеттік қызметшілердің декларациялары жарияланады. Яғни біздің былтыр сатып алған мүлігіміз, құнды қағаздар,  қаржыландыру көздері туралы ақпарат болады. Декларация баспа басылымында немесе министрліктің сайтында жарияланады, бәлкім әрбір министрліктің сайтында шығар. Сіздер үшін осы жылдың соңы қызық болады деп ойлаймын», - деді Жұманғарин.