Балабақшаны қаржыландыру жүйесі өзгереді: енді ақша баланың соңынан «ілеседі»

Автор: Нұргүл Абай

Ата-ана балабақшаны өзі таңдайды

Фото: istockphoto.com

Осы жылдың соңына дейін барлық балабақша толығымен ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді.Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында мектепке дейінгі 11 800 ұйымда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленеді.

«Жыл басынан бастап балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында сәтті іске асырылғаны белгілі. Пилоттық кезеңде 461 мың ваучер беріліп, балабақшаға кезект 93 мыңға қысқарды. Нәтижесінде жергілікті бюджеттерден 7,7 млрд теңге үнемделді. Қыркүйек айынан бастап осы жылдың соңына дейін барлық балабақша кезең-кезеңімен толықтай осы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді», - деді Бейсембаев Үкімет отырысында.

Яғни ата-аналарға ваучер беріледі, олар балабақшаны таңдап алғаннан кейін, мемлекет олардың арнайы шотына ақша аударады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, 135 балабақшада 7 мыңнан аса бүлдіршіннің мемлекеттік тілді қолдану дағдысын арттырған «Тілге бойлау» және ата-аналарға 5 жасқа дейінгі балаларды отбасы жағдайында дамытуға көмекші болған «Беске дейін үлгер» жобалары жаңа оқу жылынан бастап мектепке дейінгі білім беру деңгейіне жаппай енгізіледі.

Бүлдіршіндерді адал еңбекке баулу мақсатында 12 мың баланы қамтитын жаңа жоба қыркүйек айынан бастап еліміздегі 100 балабақшаға пилот ретінде енгізіледі.