Қазақстандық фермерлер малдың жағдайын онлайн бақылай алады

Автор: Нұргүл Абай

Қазір бұл жүйе үш өңірде табысты жұмыс істеп тұр

Фото: istockphoto.com/Georgijevic

Қазақстандық шаруалар мен аграрлық компаниялар малдың жай-күйін онлайн бақылай алады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, агроөнеркəсіп кешені саласында отандық смарт-трекер мен жануарлардың жай-күйін мониторингтеу жүйесі енгізілген.

«Бұл шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға жануарлардың жағдайын онлайн бақылауға жəне олардың аурудан өлуін уақытылы болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Мәдиев Үкімет отырысында.

Жүйе мынадай сенсорларды қамтиды:

  • қоректену белсенділігін талдау;
  • жалпы физикалық белсенділік;
  • дене температурасы;
  • жануардың үдеуі жəне белсенділігі.

Министр бұл шешім сонымен қатар ветеринариялық қызметті цифрландыруға, қаржы ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар үшін мақсатты қаржыландыруға жəне мал шаруашылығын сақтандыру процестерін цифрландыруға негіз қалайтынын атап өтті.

Қазір цифрлық жүйе еліміздің үш өңірінде енгізіліп, табысты жұмыс істеп тұр.