$ 518.34  607.91  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан қарасорадан қағаз өндірмек: инвестор жер іздеп жатыр

Жаңа жоба Солтүстік Қазақстан облысында іске аспақ

Қазақстан қарасорадан қағаз өндірмек: инвестор жер іздеп жатыр
Фото: depositphotos.com

Қазақстан техникалық қарасорадан экспортқа шығарылатын қағаз өндіруі мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір инвестор жаңа жобаны жүзеге асыру үшін жер таңдап жатыр. Сұлтанов қарасорадан көп өнім – қағаздан бастап майға дейін өндіруге болатынын атап өтті.

«Бірақ бізде техникалық қарасораның өндірісіне рұқсат етілгенін ескерсек, негізгі өнім қорғалу деңгейі жоғары қағаз болатын шығар. Бұл өте жақсы экспорттық өнім болады, яғни бұл жеке куәлік, паспорт, түрлі арнайы бланкілер өндірісі. Әзірге инвестор жер қарап жатыр. Өнім шығарарда нарыққа және нарықтағы сұранысқа қарайды. Сол себепті өнімнің барлығы экспортқа кететін шығар», - деді Сұлтанов Үкіметте өткен брифингте.

Вице-министр жаңа жоба үшін Солтүстік Қазақстан облысы таңдалғанын айтты.

Естеріңізге салайық, елімізде техникалық қарасора өсімдігін өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат етілген болатын. Қарасора өсімдігіндегі тетрагидроканнабинол (есірткілік қосылыс) мөлшері шамамен 0,3 пайызға дейін болуы керек. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі анықтайды. Ал техникалық қарасораны қайта өңдеу мәселелерімен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысады.

Серіктес жаңалықтары