$ 537.63  622.52  6.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Халық ауру болады»: министр ветқұжаты жоқ мал етін сататындарды қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды

Малды тіркеу жұмысына бақылау күшейтіледі

«Халық ауру болады»: министр ветқұжаты жоқ мал етін сататындарды қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды
Фото: freepik.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық құжаты жоқ мал мен етті сататындар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қазір әрбір жануарға жеке нөмір беріледі, барлық дерек пен ветеринариялық рәсім тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақыт үнемдеп, қателік қаупін азайтады. Алайда бұл шаралар мал иелері жануарларды толық есепке қойған кезде ғана іске асады.

«Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуді бақылауды күшейту, сондай-ақ ветеринариялық құжаттарсыз мал жеткізетіндер мен өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет», - дейді Сапаров Үкімет отырысында.

Кейінірек министр Үкіметте өткен брифингте осы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, қазір малды тіркемегені үшін мал иесіне 30 мың теңге айыппұл салынады.

«Бізде малды сатып алып, базарға апарып ешқандай қағаз-құжатсыз, ветеринариялық анықтамасыз сататын делдалдар бар. Оларды қылмыстық жауапкершілікке дейін тартуды жоспарлап отырмыз. Себебі ветеринария саласында қадағалау қатаң болмаса, ертең бүкіл халықты ауруға әкеледі. Сондықтан адамдар мұны түсінуі керек, біз осындай қадамға баруға міндеттіміз», - деді Сапаров.

Ол депутаттар күзде каникулдан оралғаннан кейін заңға тиісті өзгерістер енгізілетінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары