Қазақстандағы кәріз-тазарту құрылғыларының көбі өткен ғасырдың ортасында салынған – министр

Автор: Нұргүл Абай

Олардың орташа тозу деңгейі 65 пайызға жеткен

Фото: freepik.com

Биыл елді мекендердегі кәріз-тазарту құрылғыларын жаңарту үшін бюджеттен 25 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнеркәсіп министрлігі су бұру жүйелерін, оның ішінде кәріз-тазарту құрылғыларын жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр.

«Көптеген кәріз-тазарту құрылғысы 1950-1960-шы жылдары салынып, қазірде орташа тозу деңгейі 65%-ға жеткен. Биыл осы бағытта жаңарту жүргізу үшін республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде Қызылорда қаласының кәріз-тазарту құрылғысына 720 миллион теңге және Леңгір қаласына 1 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар, Ақтау, Атырау, Қарқаралы және Қаражал қалаларында осы бағытта 4 жоба іске асырылып жатыр», - деді Нағаспаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, «Коммуналдық және энергетика секторларын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз-тазарту құрылғылары жаңғыртылып, 2 800 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желілері жаңартылады.

«Кәріз-тазарту құрылғысы жобаларын іске асыру халықаралық қаржы институттарының қарыздары, облигациялық қарыздар, республикалық бюджет және бюджеттік кредиттеу сияқты түрлі қаржыландыру көздері есебінен жоспарланып отыр. Сондықтан тарифтің өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы кәріз-тазарту құрылғыларын жаңғырту қажет», - дейді ол.

Нағаспаев ең алдымен елді мекендердегі кәріз жүйелері жаңартылатынын атап өтті.

Сонымен қатар тазарту нысандарын жобалау, салу және пайдалану тәсілдері қайта қаралып, жобаларға ревизия жүргізіліп жатыр. Олардың тиімділігін арттыру үшін Техникалық оператор институты енгізілген. Техникалық оператор жобалардың барлық кезеңін қадағалап, қазақстандық өнімді қолдану талаптарын ескереді. Бұл шаралар жобадағы қателіктерді азайтып, шығынның артуы мен мерзімнің кешігуіне жол бермейді.