Түркияның тәжірибесіне сай халыққа туристермен сыпайы сөйлесудің ережелері жазылған жинақтар таратылуы мүмкін
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанға саяхаттап келетін шетелдік туристерге тегін SIM-карта таратуды және түнде әуежайдан қала орталығына дейін жүретін экспресс-маршруттарды іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ірі халықаралық қалалардағы секілді түнгі уақытта әуежайдан қала орталығына автобус қатынасы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу ұсынылады. Тағы бір ұсыныс – туристерге келген бойда тегін SIM-карта беру. Бұл оларға алғашқы сәттен бастап интернет пен байланысқа қол жеткізуге көмектеседі», - дейді Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Алматыда жақсы бастама қолға алынып, туристерге тегін шоколад таратылады.
«Осындай жылы іс-шаралар елдің қонақжайлығын білдіреді. Грузияда бұл — шарап, бізде шоколад болуы мүмкін», - дейді ол.
Министр қонақжайлылық мәдениеті де туризмнің бір бөлігі екенін атап өтті.
«Халықтың туристермен сыпайы және түсіністікпен қарым-қатынас жасауы маңызды. Түркия үлгісімен қарапайым ережелер жинағын жасап, тұрғындарға тарату ұсынылады. Онда туристерге құрмет көрсету, әділетті баға, қауіпсіздік және сыпайылық мәселелері жазылады», - дейді Мырзабосынов.