Министр туристерге тегін SIM-карта таратып, түнгі автобустарды іске қосуды ұсынды
Түркияның тәжірибесіне сай халыққа туристермен сыпайы сөйлесудің ережелері жазылған жинақтар таратылуы мүмкін

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанға саяхаттап келетін шетелдік туристерге тегін SIM-карта таратуды және түнде әуежайдан қала орталығына дейін жүретін экспресс-маршруттарды іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түнгі автобустар, тегін шоколад пен SIM-карта
«Ірі халықаралық қалалардағы секілді түнгі уақытта әуежайдан қала орталығына автобус қатынасы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу ұсынылады. Тағы бір ұсыныс – туристерге келген бойда тегін SIM-карта беру. Бұл оларға алғашқы сәттен бастап интернет пен байланысқа қол жеткізуге көмектеседі», - дейді Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Алматыда жақсы бастама қолға алынып, туристерге тегін шоколад таратылады.
«Осындай жылы іс-шаралар елдің қонақжайлығын білдіреді. Грузияда бұл — шарап, бізде шоколад болуы мүмкін», - дейді ол.
Халыққа туристермен сөйлесу әдебін үйретпек
Министр қонақжайлылық мәдениеті де туризмнің бір бөлігі екенін атап өтті.
«Халықтың туристермен сыпайы және түсіністікпен қарым-қатынас жасауы маңызды. Түркия үлгісімен қарапайым ережелер жинағын жасап, тұрғындарға тарату ұсынылады. Онда туристерге құрмет көрсету, әділетті баға, қауіпсіздік және сыпайылық мәселелері жазылады», - дейді Мырзабосынов.