Оларды жаңғыртуға қаржы бөлініп жатыр
Тау-кен металлургия саласындағы ірі 50 кәсіпорынның өндірістік жабдықтары 74 пайызға тозған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өндірістік жабдықтардың тозу деңгейі 74%-ға жеткен тау-кен металлургия саласындағы 50 ірі кәсіпорынның тізімі жасалды. Осы кәсіпорындардың қызметін тиімді бақылау үшін технологияны қайта жабдықтандыруға бағытталған Бақылау картасы әзірленді», - деді министр Үкімет отырысында.
Айтуынша, былтырдан бері кәсіпорындар қайта жаңғыртуды көздейтін іс-шараларға айтарлықтай қаржы бөле бастады:
«2028 жылға дейін тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындары энергия тиімділігін арттыру, экологияға кері әсерін азайту және еңбек жағдайларын жақсарту үшін өндірісті жаңғыртуға 1,8 триллион теңге көлемінде инвестиция бөлуді жоспарлаған», - дейді Нағаспаев.