«Қызыл» аймақта тұрған 9 жылу электр орталығы жөндеуден кейін «сарыға» өткен

Автор: Нұргүл Абай

Тағы үш ЖЭО «жасыл» аймаққа ауысқан

Фото: istockphoto.com

Жылу энергетикасы нысандарына бақылауды күшейтудің нәтижесінде тоғыз жылу электр станциясы қауіпті «қызыл» аймақтан шықты. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-министр 2024-2025 жылғы күзгі-қысқы кезең тұрақты өткенін атап өтті. Жылу беру кезеңінде ірі технологиялық ақаулар байқалмаған. Былтыр қабылданған шаралардың арқасында энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру өткен жылғы деңгейден 44 пайызға, 327 млрд теңгеге дейін артты. Жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 28 пайызға, 148 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

«Электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 10 энергия блогы, 55 қазандық, 45 турбина жөнделді. Электр желілерінде 21 мың км электр беру желілері, 423 қосалқы станция жөнделді. 542 км жылу желілері ауыстырылды. Жылу беру маусымының қорытындысы бойынша 9 жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан «сарыға», 3 ЖЭО «сарыдан» «жасылға» көшті. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады», - деді Есімханов Үкімет отырысында.