Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірленеді
Бектенов заң жобасын 1 қыркүйекке дейін Үкіметке енгізуді тапсырды

Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін жеке заң жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, қазір ведомство мүдделі тараптармен, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы, «KazEnergy» қауымдастығы, Мұнай-газ-химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп «Мұнай-газ-химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеуге кірісті.
«Заң жобасының мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін ашық әрі тиімді құқықтық негіз қалыптастыру. Заң жобасы кәсіпорындардың шикізат базасына тең қол жеткізуді, қажетті инфрақұрылымды дамытуды, мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржыландыру, субсидиялау және салық жеңілдіктерін қолдануды көздейді. Қазір заң жобасының консультативтік құжаты Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелеріне келісуге жолданды», - деді ол Үкімет отырысында.
Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеу бастамасын қолдайтынын атап өтті.
Бектенов энергетика, өнеркәсіп, ұлттық экономика және әділет министрліктеріне осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет аппаратына тиісті заң жобасын енгізуді тапсырды.