$ 510.81  578.59  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үкімет энергия көздерін жөндеуге өз резервінен 25 млрд теңге бөлген

Жылу құбырлары да жөндеуден өтеді

Үкімет энергия көздерін жөндеуге өз резервінен 25 млрд теңге бөлген
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Үкіметі электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарына өз резервінен 25 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биыл кестеге сәйкес биыл электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазір 4 энергоблокта, 19 қазандықта және 10 турбинада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 1 энергоблок,  2 қазандық және 1 турбина жөнделіп біткен. Ал электр желілерінде 0,9 мың км электр беру желісі, 36 қосалқы станция жөнделді.

«Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 66 қазандықты жөндеу және 44 қазандықты реконструкциялау жоспарланған. Энергетикалық көздер бойынша жоғарыда аталған жөндеу жұмыстарына 373 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы деңгейден 14%-ға көп. Алдын ала берілген өтінімдерге сәйкес Үкімет резервінен 25,4 млрд теңге бөлінді», - деді Есімханов Үкімет отырысында.

Жылу желілері жөнделеді

Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, биыл 323 км жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау үшін 89,7 млрд теңге инвестиция көзделген. Оның ішінде 75,7 млрд теңге бюджеттен және кәсіпорындардың тарифтік сметасы аясында 14 млрд теңге бөлінеді.

Бұған қоса «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында осы жылы 129 км жылу желілерін жаңғырту үшін жалпы сомасы 98,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

«Қазір жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртудың 56 жобасын іске асыру үшін 103,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға қосымша қажеттілік бар. Атап айтқанда, 28 жобаны аяқтау үшін 37,3 млрд теңге және 28 жаңа жобаны іске асыру үшін 66 млрд теңге. Ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 2,7 трлн теңге және  тиісінше 1,3 трлн теңгеге 77,5 мың км электрмен жабдықтау және 1,6 мың км жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту көзделген. Сондай-ақ жалпы сомасы 6,2 трлн теңге сомаға 7,3 ГВт қосымша генерациялау көздерін енгізу жоспарлануда», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары