«Қазақавтожол», «ТЕДА», «Талдықорған жолдары» жол сапасы үшін әкімшілік жауапқа тартылды
Алматы облысының жолдарын тексеру кезінде 3 235 ақау анықталды
Алматы облысында жолдар мен жол құрылыстарын кешенді тексеру нәтижелерінен кейін 124 лауазымды тұлға жазаланды. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлады.
Облыс аумағында 20 мың шақырымға жуық жалпы қолданыстағы автожол бар, оның ішінде: 2,8 мың шақырым – халықаралық және республикалық маңызы бар, 6,1 мың шақырым – облыстық, 1,8 мың шақырым – аудандық маңызы бар, 8,1 мың шақырым – елдімекендердің көшелері және 135 шақырым – шаруашылық жолдар.
«Жолдарды тиісінше күтіп ұстамау және уақытылы жол жабындыларына қызмет көрсетпеу – жол-көлік оқиғаларына ықпал еттетін бірден-бір себептердің бірі. Жыл басынан бері жол-техникалық инспекция бөлімшелері жалпы пайдаланымдағы автожолдарға 870-тен астам тексеру жүргізді. Нәтижесінде, 877 ұйғарым шығарылды, оның ішінде 123 республикалық, 191 жергілікті жолдар бойынша және 563 көше-жол желілері бойынша шықты. 3 235 ақау анықталды. Автожолдарды күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамағаны үшін жол ұйымдарының 124 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұйғарымды орындамаған Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы, сондай-ақ үш заңды тұлға: «Қазақавтожол» ЖШС, «ТЕДА» ЖШС, «Талдықорған жолдары» ЖШС жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.
Облыстық Полиция департаментінің өкілі Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерімен бірлесіп ай сайын автомобиль жолдарын тексеретінін айтты.