ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бектенов шенеуніктермен галстуксыз кездесіп, су тасқынына дайындықты талқылады

Өңір әкімдері 1 наурызға дейін бүкіл ресурстарын дайындап отыру керек

Бектенов шенеуніктермен галстуксыз кездесіп, су тасқынына дайындықты талқылады
Фото: үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков және бірқатар облыс әкімдері қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. «Қазгидрометтің» болжамынша сүйенсек, наурызда күн жылынып, су тасқынының қауіпі артады.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша ылғалдылық көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының батыс бөліктерінде және Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының тау бөктеріндегі аудандарында норма шегінен жоғары екені байқалады. Сонымен қатар бірқатар өңірде топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен», - деп хабарлайды үкімет.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, бүгінде су тасқыны қаупі бар аймақта 1 223 елді мекен бар.

«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай-саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

Өңір әкімдері 1 наурызға дейін су тасқынының алдын алу және жою үшін барлық қажетті ресурстарды дайындасын. Елді мекендерден қарды ертерек шығару қажет.

Су ресурстары және ирригация министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларындағы судың жиналу көлемін анықтап, оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, су басуы ықтимал аймақтарда тасқынға қарсы жұмыстарды алдын ала анықтауға және болжауға мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесінің әлеуетін пайдалансын.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының жедел әрекет ету дайындығын қамтамасыз етсін.

Серіктес жаңалықтары