Бұл шешім екі тараптың келісімі бойынша шығарылады
Елімізде қолданысқа енген 4 күндік жұмыс аптасына көшу туралы нормаға сай, жұмысшылардың неше пайызы аптасына төрт күндік жұмысқа ауысқанын сұрап, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрап жіберген болатынбыз. Министрлік Azattyq Rýhy редакциясының сауалдарына ішінара жауап берген.
2023 жылғы 20 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында Еңбек кодексінің 71-бабының 3-тармағы «Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы, кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі» деп толықтырылған еді.
«Алайда, бұл түзету толыққанды төрт күндік жұмыс аптасына көшуді көздемейтіндігін атап өтеміз. Сондай-ақ, бұл режимге ауысу тек тараптардың келісімі бойынша жүргізіледі және егер технологиялық және өндірістік мүмкіндіктері болса, кез келген кәсіпорын ауыса алады. Қазіргі уақытта қанша кәсіпорын осы режимге ауысқандығы туралы мәлімет жоқ», - деп жауап берді министрлік редакция сұрауына.
Өз кезегінде еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес еңбек шартын жасасу кезінде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінде қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім бойынша қызметкерге толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту немесе жұмыс аптасындағы жұмыс сағаттарының санын қысқарту белгіленуі мүмкін.
Жалпы, қазіргі Еңбек кодексі жұмыс берушіге тараптардың келісімі бойынша төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге мүмкіндік береді.