400 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен беріледі
Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді. Жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді», - деді ол.
Бектеновтің айтуынша, мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі әрі жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға ғана беруі керек. Бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс. Егіншілерді сапалы және тексеруден өткен тұқым қорымен қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін бірінші кезекте, отандық өндірушілерді ынталандыру қажет», - деді премьер.
Сондай-ақ, Бектенов көктемгі дала жұмыстарында агротехнологияларды қатаң сақтап, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын уақтылы қолдануды тапсырды.