Тоқаев Үкіметке: таптаурын жолмен жүруге болмайды, ол заман келмеске кетті

Автор: Нұргүл Абай

Қабылданған шешімдер қазіргі сын-қатерлерге сай болуы керек дейді президент

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен Үкіметке батыл қадам жасап, сындарлы шешім қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы көбіне инфляция үдерістерін бақылау шараларының тиімділігіне байланысты. Ұлттық банк пен Үкіметке батыл әрі қалыптан тыс, бірақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келеді. Әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс», - деп мәлімдеді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Тоқаев өз Жолдауында цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқанын еске салды. Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады.

«Алайда, сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небары 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн», - деді президент.