Білім министрі қашықтан оқытудың әдістемесін әлі де дамыту қажеттігін айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифингте Ұлттық бірыңғай тестілеуден түлектердің жинаған балы облыс, қалалардағы білім деңгейінің қандай екенін көрсетпейтінін айтты. Министрдің айтуынша, өңірлер бойынша білім рейтингі түлектердің оқу гарантын ұтып алу көрсеткіші негізінде жүргізілмеуі тиіс.
«Өңірлерде ҰБТ-ға қатысатын түлектердің саны әртүрлі. Талапкерлер бір өңірде аз, басқа өңірде көп қатысады. Оған қарап қалайша білім сапасын бағалауға, немесе білім көрсеткіші ретінде қарауға болады? Аймақтар арасындағы ҰБТ бойынша рейтингілік жарысты бірнеше жыл бұрын алып тастадық. Биыл да болмайды. Бұған үйренуіміз керек», - деді министр.
Сондай-ақ, министр ҰБТ-ға науқан ретінде қарамау керек екенін ескертті. Айтуынша, оған бола күйзеліске түсіп, түрлі жағдайға барудың қажеті жоқ. ЖОО-ға білім грантын ұтып алудың алғашқы емтиханында сүрінген талапкерге қосымша мүмкіндік беріледі. Өйткені оқуға түсу үшін бір емес, төрт рет ҰБТ тапсыруға болады.
«ҰБТ елімізде 16 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын өтетін емтиханға дағдыланатын уақыт болды. Балалардың да, мұғалім мен ата-аналар да оған өзгеше қарамау керек. Басында қажетті балын жинай алмаса, одан кейін де бірнеше рет емтихан тапсыра алады. 50 балл жинап та грант жеңіп алатын жағдайлар кездеседі. Ақылы бөлімде жүріп жақсы оқығандар да грантқа ауыса алады. Сондықтан одан қорқып түрлі келеңсіздікке барудың қажеті жоқ», - деді журналистердің сұрағына жауап берген министр.
Екі сағаттай уақыт журналистердің сұрағына жауап берген Білім министрі қашықтан оқытудың әдістемесін әлі де дамыту қажеттігін айтты. Әсіресе, қыс мезгілінде ауа райы қолайсыздығына байланысты жол жабылып, оқушылар мектепке бара алмай қалған кезде де осы қашықтан оқытуға мәжбүрлік болады. Минстрдің айтуынша, екі айға созылған карантин кезінде қашықтан оқыту баланың білім сапасына айтарлықтай теріс әсер етпеген.
«Мен онлайн форматта мұғалімдермен түрлі кездесулер өткіземін. Сонда сұрап білгенім, бұрын дәстүрлі оқыту кезінде үлгерімі жақсы болған оқушылар әлі де сабағына тиянақты. Кей мұғалімдердің айтуынаһша, әдетте тұйық, мектепте аса белсенді емес оқушылар керісінше қашықтан оқыту кезінде ашыла түскен. Қашықтан оқытуды әлі де дамыту керек. Оны ақпаратты беру үшін ғана емес, баламен үнемі кері байланыс орнатып, тәрбие ісінде де қолданылуға болады», - деді министр.
Әмірболат Құсайынұлы