Білім басқармалары тоқсан сайын БАҚ-қа есеп беруі керек - министр
Асхат Аймағамбетов облыстық басқарма басшыларының жұмысын сынға алды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов облыстық білім басқармаларының басшыларын БАҚ өкілдеріне есеп беруге шақырды. Оның сөзінше, атқарылған жұмыстар әр үш ай сайын қорытындыланып отыруы керек. Бұл басқармалардың ашықтығын, әрі мәселенің жергілікті жерде шешілуіне септігін тигізеді.
Министрдің айтуынша, оған күніне аймақтар мен елорда тұрғындарынан 100 шақты хат келіп түседі екен.
«Министрлік, министр әрқашан ашық. Ал басқармалардағы басшылар тоқсан сайын журналистермен міндетті түрде кездесу өткізуі керек. Мәселеге тек министрлік қана жауап берсе дұрыс болмайды. Министрге шағымдар көп түссе, онда ол басқармалардың жұмыс істемейтінін білдіреді. Жергілікті басқарма проблемаларды өз деңгейінде шешіп отыруы керек. Маған күніне әлеуметтік желі арқылы 100 шақты сұрақ келеді. Бәріне жауап бере алмаймын. Менің жұмысым – бар проблеманы шешу үшін нормативтік құжаттарды дайындап, қабылдау. Құқықтарыңыз бұзылса, тікелей шағымданып, аты-жөндерін жасырмай жазу керек. Шағымдардың көбі анонимді түрде жазылады», - деді министр.
Министр жиынтық бағалауға қатысты да ойын білдірді. Жиынтық бақылау мұғалімдерге берілген міндетті құжаттардың тізіміне кірмеген. Ол тек әр баланың сабақ үлгерімі қандай деңгейде екені біліп отыру үшін жасалған әдістеме.
«Жиынтық бағалауға талдау жасау 2016 жылы енгізілді. Баланың қай тақырып бойынша үлгермей жатқанын көріп отыру үшін мұғалімнің өзіне керек. Яғни, әр мұғалім өзіне талдау жасу арқылы қай баланың үлгерімі қандай кеенін біліп отырады. Жақында талдаудың бәрі автоматты түрде көрініп тұратын жағдайға жетеміз. Ол баламен жұмыс істеуге ыңғайлы болады», - деп түсіндірді министр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы