Комитет төрағасы Ильяс Испановтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада аталмыш тауарларды жоюға рұқсат беретін норма жоқ
Қазақстан қоймаларында мерзімі өтіп кеткен 5,6 млрд соманың тауары сақтаулы, деп мәлімдеді ҚР ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резерв жөніндегі комитет төрағасы Ильяс Испанов. Бұл туралы ҚазТАГ жазып отыр.
«Сақтау мерзімі өтіп кеткен Т5,6 млрд соманың тауары бар. (…) Олар қоймаларда шіріп кеткеннен немесе пайдалануға жарамағандықтан жатқан жоқ, тауарлардың сақтау мерзімі бар, сол уақыт біткен кезде заң бойынша оларды тамақ түрінде қолдануға тыйым салынады», - деді Испанов брифингте.
Комитет төрағасының айтуынша, қолданыстағы заңнамада аталмыш тауарларды жоюға рұқсат беретін норма жоқ.
«Сондықтан, егер аталмыш тауарлар бойынша заңнамалық өзгерістер енгізсек, сәйкесінше, біз оларды жоямыз. Бірінші – ол қант. Қантты жеткізген кезде оны сақтау мерзімі екі немесе төрт жыл. Осы мерзім аяқталғаннан кейін сауда өткіземіз. Егер екі рет сауда өткізіліп, екеуінде де өтпесе, сәйкесінше алатын адамдар болмаса, жою керек. Бірақ жою үшін заңнамалық шешім жоқ. Біз заңды бір тармақпен толықтыру керек деген шешімге келдік», - деп қорытындылады Испанов.