Оқушыларды оқулықпен Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркістан, Қызылорда, Тараз қалаларында салынатын орыс тілді мектептерде қанша бала білім алуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігі осы мектептерге қатысты оңтүстік өңірлердегі азаматтардың ұсыныстарын зерттеп шықты.
«Негізгі үш өңірде салынатын мектептердің жалпы ауқымы – 1200 оқушы сыйымдылығы бар мектептер. Яғни, үш өңірде әрқайсысы 1200 орындық мектептер салу жоспарланып отыр. Бірақ бұл бағытта әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – алдын ала айтылып отырған ақпарат. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жүргізіле береді. Уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Жалпы сұраныс бар», - деді Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, үш мектепті де Ресей өз ақшасына салады, ал оқушыларды оқулықтармен Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді.
«Оқыту біздің мемлекеттік стандарт аясында жүргізіледі. Яғни, біздің бағдарлама, біздің стандарттың аясында жүреді», - деп нақтылады ол.
Жуырда Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның Түркістан, Қызылорда, Тараз қалаларында орыс тілді мектептер ашылатынын мәлімдеген еді.