Қазақстанда медициналық туризм қандай деңгейде? (ВИДЕО)
Министрдің айтуынша, туристерге медициналық қызмет көрсету жолға қойылған
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметте өткен брифингте медициналық туризм жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр өз сөзінде бірқатар орталықта шетелдіктер емделіп жатқанын айрықша атап өтті. Алайда, салада проблемалар да бар екені жеткізді.
«Бұл мәселені мемлекет қаржыландыру жағынан толық шешкен. Сонымен қатар, медициналық туризмге байланысты. Елімізге шетелден келетін азаматтардың медициналық қызмет алу мәселесі бүгінде айтарлықтай жолға қойылған. Себебі, біздегі медициналық орталықтар, яғни кардио, нейрохирургия, онкология орталықтарында шетелдіктерді, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарын емдеп жатырмыз. Қызметті кеңейтуге барлық мүмкіндік бар. Жұмысты кезең-кезеңімен жүргіземіз. Қазақстанда медициналық қызмет алып жатқан азаматтардың саны көбейеді. Себебі, біздің (орталықтар) акредитациядан өткен. Оның ішінде біздегі ғылыми орталықтар, емдеу орталықтары барлық аккредитациядан өтіп жатыр. Бұл (медициналық) қызметтің өз деңгейінде көрсетіліп жатқанын көрсетеді. Салада проблема жоқ деп айта алмаймыз. Пробелама бар. Ол - инфрақұрылым мәселесі. Оған байланысты тиісті жұмыс жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласының 2030 жылға дейінгі инфрақұрылымын дамыту концепциясын қабылдадық», - дейді Әлназарова.
Оның айтуынша, бүгінде кадр саясатына байланысты тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
«Сонымен қатар, президент тарапынан да гранттардың есебін қайта қарау мәселесі тапсырылды. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазақстанда емделген шетелдіктердің санын қосымша берейік. Шетелде емделген қазақстандықтардың статистикасын Денсаулық сақтау министрлігі жүргізбейді. Тек республикалық бюджет есебінен жіберілген қазақстандықтардың статистикасы жүргізіледі», - деді министр.