Нидерланд Корольдігі Қазақстанның 450 су маманына курс өткізеді
Таразда қайта ашылған су шаруашылығы университеті болса 523 студентті қабылдаған
Арық сулары өте көп Нидерланд Корольдігінің мамандары Қазақстанның 450 су маманына курс өткізеді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Су кеңесінің отырысын өткізген премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынының алдын алу үшін су мамандарының сапасын жақсартуға назар аударуды тапсырған.
«Биыл шілде айында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. 2024-2025 оқу жылында су мамандығы бойынша 523 бакалавриат студент қабылданды, бұл өткен оқу жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. «Болашақ» бағдарламасына су шаруашылығы саласындағы мамандықтар енген. Сондай-ақ Нидерланд Корольдігімен бірлесіп «Қазсушар» компаниясының 450 қызметкеріне арналған курстар басталды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгінде үкімет «Қазсушар» мекемесін «Нұра топтық су құбыры» компаниясымен біріктіріп жатыр.