Қазақстан былтырғыдан көп астық жинады - АШМ

Өнімнің көбін Солтүстік Қазақстан облысы алған 

Қазақстан былтырғыдан көп астық жинады - АШМ
Фото: Ақорда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқаны кезінде қанша дәнді дақыл жиналғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік алқабы 23,3 млн га құрады, оның ішінде 16,7 млн га – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар.

«Жауын-шашынға қарамастан күздегі қолайлы ауа райы егін жинау науқанын елеулі шығынсыз жүргізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінгі күні республика бойынша дәнді дақылдарды жинау аяқталып, дәнге арналған жүгеріні жинау жалғасып жатыр. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 99,7%-ы жиналды. Бүгінгі күні орташа өнімділік 16 ц/га құрап, 26,5 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы орташа өнімділік 10,3 ц/га болған»,- дейді Сапаров үкімет отырысында.

Ол жоғары өнімділікке қолайлы ауа райы мен агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды қолдану және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілгенін атап өтті.

Оңтүстік өңірлерде – Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары өнімділік көрсеткіштері байқалады.

«Ал негізгі астық егетін өңірлер арасында ең жоғары өнімділік Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді, мұнда орташа өнімділік 18,6 ц/га құрады. Ақмола облысында – 14,1 ц/га, ал Қостанай облысында 14 ц/га болды. Бұл  өңірлерде агротехникалық шараларды қатаң сақтайтын кіші шаруашылықтардың өздері де орташа деңгейден жоғары өнім алды», - дейді ол.

Алайда, министрдің айтуынша, осы өңірлерде агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтар да бар: сапасыз тұқымдарды пайдаланады, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткіліксіз қолданады, тек жақсы ауа райына ғана үміт артады. Салдарынан олардың көрсеткіштері аудан бойынша орташа деңгейден айтарлықтай төмен болды, деп жалғастырды сөзін Сапарбаев.

Осыған байланысты министр облыс әкімдерінен агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады. Айтуынша, бұл үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған, жеңілдікті қаржыландырудан бастап дизельдік отынмен қамтамасыз етуге дейін.

«Дәнді дақылдарды жинаудың аяқталғанына байланысты ауыл шаруашылығы техникасы майлы дақылдарды жинауға көшірілді», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.