Қазақстан бюджетіне кірістер жеткілікті түспей жатыр: министр себептерін атады

Автор: Нұргүл Абай

Салық түсімдері бойынша жоспар 76 пайызға ғана орындалған

Фото: istockphoto.com

Қаржы министрі Мәди Тәкиев биыл тоғыз айдағы мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 14 трлн 967 млрд теңге кіріс түскен, жоспар 93,2 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджеттің түсімі 9 трлн 074 млрд теңгені құрап, жоспар 83,1% орындалған.

«Жоспардың орындалмау себептерінің бірі – салықтар бойынша түсімдердің төмендеуімен байланысты, жоспар 76%-ға орындалған. Дегенмен былтырғымен салыстырсақ, салықтардың жалпы деңгейі сақталып отыр», - деді министр Үкімет отырысында.

Ол кірістер бойынша жоспарлы көрсеткіштердің дұрыс атқарылмауына бірнеше негізгі фактор әсер еткенін атап өтті.

  • Біріншіден, мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарған.
  • Екіншіден, әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси жағдайлар сыртқы сауда қызметіне және елдің ірі компанияларының жеткізу тізбегінің үзілуіне әсер етті. Мәселен, осы жылдың 8 айында импорт көлемі 8,3%-ға, оның ішінде Қытаймен 6,5%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 4%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, негізгі экспорттық металдардың бағасы да төмендеп жатыр.
  • Үшіншіден, өткен жылмен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтару көлемі 3 есе ұлғайды.  Бұл өз кезегінде бизнесті айналым қаражатымен қамтамасыз етті.

«Республикалық бюджетке трансферттер түсімдері 4,5 трлн теңгені, оның ішінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңгені құрады. Нысаналы трансферт 2 трлн теңге сомасында тартылды», - деді ведомство басшысы.

Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,6%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 95,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,4%-ға атқарылған. Республикалық бюджет бойынша шығыстар 16,7 трлн теңгеге жетті. Министр шығыстар бойынша әлеуметтік бағыттың басымдығы сақталғанын айтты.

«Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерді орындады. Мәселен, 4 трлн теңге – зейнетақы мен жәрдемақыға, 4 трлн теңге – өңірлерге субвенцияларға, 1,3 трлн теңге – Міндетті медициналық сақтандыру қорына нысаналы жарна түрінде бағытталды», - деді Тәкиев.